Әкімшілік Кодекстің тілге қатысты бөлігін қалыпқа келтіру туралы петиция

Telegram-канал
Әкімшілік Кодекстің тілге қатысты бөлігін қалыпқа келтіру туралы петиция

10855 қол қойған. Нәтижені басып шығару.

Мен қолдаймын 10805
Петицияға қарсымын 50

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е.Ж.Қошановқа.

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Соңғы кездері қазақ қоғамында кәсіпкер Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі үлкен дүрбелең тудырды. Оның бір себебі –халқымыздың тіліне, ұлттық ерекшелігіне, жалпы ар-намысына тиюшілер қатарының тиылмауы, тіпті көбейе түсуі және ондайлардың жазасыз қалып қоюы.

Мухоряпов сияқтылар бұрында болған, қазірде бар және егер тиісті шаралар алынбаса, әліде шығады. Сондықтан көпшілікке де, өзіңізге де белгілі мән-жайларға тоқталып жатпай, мәселенің түпкі себебін ашып көрсетсем деп едім.

Кез-келген тәуелсіз мемлекет өзінің ұлттық саясатын жүргізеді, ұлттық ерекшелігін, салтын сақтап қалуға амал жасайды, өз ұлтының ерекшелігіне, тілі мен діліне құрметпен қарауды талап етеді. Сол үшін арнайы заңдар қабылдайды. Егер, сол мемлекет тұрғыны заң талаптарын қандай-да бір себептермен орындаудан бас тартса, оны мәжбүрлеу жолдары қарастырылған. Ал ашық түрде қарсы шығып не мазаққа айналдыратындар болса, жазаға тартылады. Ол Германия, Дания, Ұлыбритания сияқты барлық өркениетті елдерге тән дүние.

Қазақстанда да осыған сай келетін заң актілері жоқ емес, бар. Бірақ, ол заңдарды орындату механизмінде үлкен кінарат бар.

1) Нақты мемлекеттік тілге қатысты екі нормативтік актіні атап өтейін, олар:

1. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және, 2. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдар.

2) Осы заңдардың орындалуын жүзеге асыратын уәкілетті органда анықталған, ол қазіргі кезде мәдениет және спорт министрлігінен, ғылым және жоғарғы білім министрлігіне берілген – тіл саясаты комитеті.

Аталған комитеттің жергілікті жерлерде басқарма, бөлімдері бар, олар өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарға бағынады.

3) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 24-бабымен «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не аппараттардың басшылары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болатыны» көзделген.

Ал, жауапкершілік бізде екі заңнамамен қарастырылады, олар: 1. Әкімшілік, 2. Қылмыстық.

Бұл жерде мен қылмыстық заңнамаға тоқталмай, бірден әкімшілік кодекстегі заңсыздыққа назарыңызды аударғым келеді.

Себебі, қылмыстық жауапкершілік тек қана жеке тұлғаларға қатысты қолданылады және әкімшілік кодекс нормалары сияқты жиі қолдануға келе бермейді, оның үстіне әрбір қылмыстық іс жеке-дара тергеледі, роман-германдық жүйеде болуымыз себепті, бір іс бойынша тергеу-сот тәжірибесі екінші іс бойынша шешім қабылдауға негіз болмайды.

Ал әкімшілік жауапкершілікке келетін болсақ, ол жеке тұлғалардан бөлек, заңды тұлғаларға да жаппай қолданылатыны әрі қылмыстық істердей ұзақ тергелуді қажет етпейтіні себепті, тіл заңнамасын орындатуда әлдеқайда тиімді құрал болып табылады.

Сондықтанда, тіл заңнамасын бұзған тұлғаларды уақытылы әкімшілік жауапкершілікке тартудың маңыздылдығы зор.

Қолданыстағы ҚР ӘҚБтК-нің (әкімшілік кодекс) 75-бабымен тіл заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікте көзделген.

Яғни, заң бар, оның орындалуын жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітілген, жауапкершілік көзделген, бірақ, заң бұзғандар жауапкершіліке тартылмайды, неге?!

Оның жалғыз ғана себебі бар!

Осы салаға жауапты бірден-бір уәкілетті орган – тіл саясаты комитеті және оның жергілікті жердегі өкілдіктеріне, ҚР ӘҚБтК-ның 804-бабында әкімшілік істі қозғау, яғни хаттама толтыру мүмкіндігі берілмеген!

Аталған баптың 3 бөлігінде «Осы Кодекстiң 685 – 735-1-баптарында көрсетiлген органдардың құзырына жатқызылған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасауға осы органдардың оған уәкiлеттік берiлген лауазымды адамдарының құқығы бар» - деп келетін бұлыңғырлау норма бар.

Оған сәйкес қарайтын болсақ, Кодекстің 729-бабында, 75-бап бойынша әкімшілік істерді қарайтын орган ретінде – жергілікті атқарушы орган, яғни әкімшіліктер көрсетілген.

Ал жергілікті әкімшіліктер тарапынан жоғарыда атап өткенімдей, 804-баптың 3-бөлігіне сәйкес «...әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасауға осы органдардың оған уәкiлеттік берiлген лауазымды адамдарының» - тізімі күні бүгінге дейін жасақталмаған, сол себепті де осы кезге дейін тіл заңнамасын бұзғаны үшін бірде-бір жеке немесе заңды тұлға, жергілікті атқаруш орган тарапынан әкімшілік кодекстің 75-бабымен жазаға тартылмай келеді.

Ал құқықбұзушы жазаға тартылмайтын болса, ол жауапсыздыққа ұласып, оның салдары жалпы құқықтық нигилизмге әкеп соғатыны түсінікті.

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Осы аталғандардың негізінде, Сізден заң шығарушы орган – Парламенттің төменгі палатасының басшысы ретінде, қолданыстағы әкімшілік кодекстің (ҚР ӘҚБтК) тілге қатысты бөлігін заң талаптарына сәйкестендіруді сұраймыз.

Атап айтқанда, Кодекстің 804-бабына өзгеріс енгізіп, тіл саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Тіл саясаты комитеті мен оның жергілікті жердегі өкілдіктеріне әкімшілік кодекстің 75-бабымен әкімшілік хаттама толтыру құқығын беруді.

Өз кезегінде, бұл сұрақ Парламент қабырғасында талқыланар болса, осы мәселені соңғы бірнеше жыл көлемінде көтеріп жүрген заңгер-маман ретінде, жұмыс тобына көмек қолын ұсынуға ниеттімін.

Осы петиция туралы жаңалықтар ресурстарын хабардар етіңіз. Тек осылай ғана біз қоғамдық резонансты көтеріп, биліктің назарын проблемаға аудара аламыз.

23.10.2022, авторы Қарасай Архат Оралбекұлы.

Басқа петицияларды қолдаңыз

Петиция! Шаруалар мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылсын!

12882 қол қойған

11.11.2022

Петиция! 6-7 жас аралығындағы Таеквондодан Қазақстан Республикасының чемпионаты болуын талап етеміз!

135 қол қойған

6.08.2022

Петиция! Форт-Шевченко атауы Ақкетік болып тарихи атауына қайтарылсын!

2647 қол қойған

6.08.2022

ALASH online » Барлық петициялар » Әкімшілік Кодекстің тілге қатысты бөлігін қалыпқа келтіру туралы петиция
Бұл сайт онлайн-петицияларды орналастыруға арналған интернет-ресурс болып табылады. Қол қою процесі әлеуметтік желілердегі репосттар арқылы жүзеге асырылады. Бұл қоғамдағы проблеманы барынша жария етуге мүмкіндік береді. Сайт тек ақпараттық сипатқа ие және авторлардың пікірімен бөліспейді.

Сұрақтарыңыз болса alashonline@proton.me поштасына жазыңыз. Сайтқа кірген қолданушылар санын мына сілтемеден көре аласыз.

Telegram

© ALASH online