Петиция! Мектептегі білім беруді өзгертуді талап етеміз!
22297 қол қойған. Нәтижені басып шығару.
19.05.2023, авторы Марат Күлбек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа!
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевқа!
2022-2023 оқу жылы бойына үздіксіз енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты және осы уақытқа дейін жалпы орта білім беру саласында орын алып жатқан былықтарға байланысты Қазақстан педагогтері төмендегідей өзгерістердің келесі 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілуін ұсынамыз және талап етеміз:
Біріншіден, келесі оқу жылы және одан арғы оқу жылдарында оқу-тәрбие процессіне қатысты қандай да бір құжаттарды, нұсқаулықтарды кемінде алты ай бұрын педагогтар қауымына жеткізуді талап етеміз!
Екіншіден, аттестация туралы бұйрықты түбірімен өзгертуді талап етеміз! Бұл әлі жыр болатын нәрсе, соны жырлатуды тоқтатсаңыздар. Портфолио және сұрақтары жаңылтпаш сияқты методика сұрақтарын алып тастаңыздар. Пәнді қалдырыңыздар, сол жеткілікті.
Біліктілік санатын жоғарылатқысы келетін мұғалім өз пәні бойынша тест тапсырсын, қажетті балын алсын, болды. Ары қарай анауыңды көрсет, мынауыңды дәлелде деген түкке керек емес қағаздарды сұратуды доғарту керек. 25 жыл бойы үздіксіз мұғалімдік жұмыс жасаған мұғалімдерге (жиырма бесінші еңбек жылында қандай санатта болды сол санатты) зейнет жасына дейін шектеусіз (бессрочный) етіп бекітіп беруді талап етеміз!
Үшіншіден, оқыту форматына қатысты. Жаңартылған білім беру мазмұны деген форматты мұғалімдердің 99,9 пайызы қолдамайды. Түкке де керек емес. Соған ақша төлеп отырмыз деп міндетсіп «қолдансаң да қолданасың, қолданбасаң да қолданасың» деп аудандық, облыстық білім басқармасы саласында отырған мамандар қайта-қайта сабақтарға қатысып өздері білмесе де миға кірмес ұсыныстарын айта береді. ЖББ форматын міндеттемеңіздер, мұғалімге қайсысы тиімді сол форматта оқыта берсін. Мәселе форматта емес, сапада ғой, солай емес пе? Сол себепті жаңартылған білім беру мазмұнын қолданыстан алып тастап, гибридті (жаңартылған-дәстүрлі) форматта оқытуға көшуді ұсынамыз және талап етеміз!
Төртіншіден, ҚМЖ (қысқа мерзімді жоспар) туралы. Бұл енді жауыр болып іріңдеп кеткен тақырып. ҚМЖ жазу деген қазір ғылым болып кетті. Кешіріңіздер, біздер ғылым саласының мамандары емеспіз. Ана бөлімді былай жазу керек, мына пунктті алып тастау керек деп жыл бойы ҚМЖ зерттеумен күн өткіздік. Конаржевский моделі бойынша сабақ жоспары кімге керек болмай қалды? Ең тамаша әрі өте ыңғайлы үлгі. Неге ол модель тиімді емес? Оқу мақсаты, бағалау критерийі, қалыптастырушы бағалау, осының бәрі ештеңеге де керегі жоқ, құры бос көз бояушылық дүниелер! Айта берсек, жеткілікті. Сол себептен ҚМЖ құрылымын түбегейлі жоқ қылып, Конаржевский моделі бойынша сабақ жоспарын қолдануды ұсынамыз әрі талап етеміз!
Бесіншіден, бағалау мәселесі. Бұл не баллдық жүйе деген? Оқушыда түк те мотивация жоқ! Бес баллдық жүйені қайтаруды талап етеміз! Бұл ең әділ жүйе! БЖБ, ТЖБ деген мыжыма дүние кімге керек??? Осыны ойлап тапқан мамандардың өзі түсінбейтін шығар мүмкін. Оқушыны нақты дәл бағаламайтын дүние бұл. Оқушының ағымдық қорытындыдан алған бағасын мектеп басшылығы сол күйінде қойдырмайды. Өйткені сапа түсірмеу керек. Ал сапаны қолдан көтеріп отыр. Облыс ауданға, аудан мектеп директорына, мектеп директоры мұғалімге тәртіпті сөзбен айтқанда сапаны түсірмеу туралы қоқан лоққы жасайды. 40 пайыз көрсетіп тұрса, көзбояушылықпен 60-70 пайыз қылып көрсете салады. Сонда кім кімді алдап отыр деген сұрақ туындамай ма? Сондықтан да ағымдық және қорытынды бағалау жүйесін мұғалімнің өз құзырына қалдыруды талап етеміз (диктант, бақылау жұмысы, өзіндік жұмыс тест, қима бақылау т.б. формаларын алуды мұғалім өзі шешуі керек деп есептейміз).
Алтыншыдан, оқулық және оқу бағдарламалары мәселесі. Қазіргі мектептерде оқып жатқан оқулықтар түкке алғысыз. Іші-сырты әдемі болғанымен, оқушыға берер пайдасы жоқ әрі тілі жас ерекшеліктеріне сай жазылмаған. Өмірі мектеп қабырғасында мұғалім болмаған, балалардың психологиялық ерекшеліктерінен хабарсыз адамдардың жазған оқулықтары өкінішке орай мұғалімдер мен оқушыларды және ата-аналарды тұйыққа тіреп отыр. Сол себепті қолданыстағы оқулықтарды мектеп мұғалімдерінің тікелей қатысуымен толықтай қайта құрастырып шығуды талап етеміз! Бізге кабинетте отырған профессор ғалымдардың жазған оқулықтары түкке де керегі жоқ! Оқу бағдарламалары да тым түсініксіз. «Сквозное обучение» деген желеумен баланың миын қойыртпақ жасап бітті. Мысалы, қазақ тілі пәнінде пәнге қатысты тақырыптар жоқтың қасы, сол сияқты тарих, география сияқты пәндерде де жағдай осындай. Осы себепті бұрынғы оқу бағдарламасына егер қажеттілік туындап жатса, ішінара өзгертулер енгізіп, сол бағдарламаларды қолданысқа енгізуді талап етеміз!
Жетіншіден, аудандық, облыстық білім басқармалары және сол мекемелерге бағынышты органдар тарапынан жүргізілетін оқыту процессіне кедергі болатын, тіпті сол процесті тоқтатып тастайтын зерделеу деп аталатын тексерулерді доғаруды талап етеміз! Сыныққа сылтау іздеген білім бөлімінің мамандары болсын-болмасын тексеруге тым құштар. Олардың көкейін тескендері ашығын айтайық – қу ақша. Зерделеу үшін емес, ақша жинап алу үшін келеді. Өздері тым сауатсыз бірақ «тым сауатты». Иә, зерделеуде тым сауатты боп кетеді, бірақ тым сауатсыз! Бұны мұғалімдерге жасалған (жасалатын) зор психологиялық қысым деп есептейміз!
Сегізінші, мектеп директорларының және оның орынбасарларының сапалық құрамын реттеуді талап етеміз. Қазіргі уақытта ерінбеген адам мектеп басшылығына ұмтылып жатыр. Тым білімсіз, коммуникативтік дағдыдан жұрдай, педагогикалық мәдениеттің не екенін білмейтін, басшы болуды бұйрық беру, нұсқау беру деп қана білетін мамансымақтар мектеп әкімшілігіне келіп жатыр, әрине бәрі емес, бірақ басым көпшілігі. Әйтпесе, мектеп әкімшілігіне лайықты қарапайым мұғалімдер ортамызда толып отыр. Бірақ оған мектеп басшысы болуға мотивация жоқ, және қандай бір талаптар кедергі болуда. Осы тұрғыда мектеп басшысын және оның орынбасараларын меритократиялық жолмен тағайындау тәртібін заңмен бекітуді талап етеміз.
Тоғызыншы, «Педагог мәртебесі» туралы заң нормаларын күшейтуді талап етеміз! Өкінішке орай, әлі күнге дейін мұғалім әкімдіктің қол жаулығы болып отыр. Бұл өз кезегінде мұғалімнің уақытылы жұмыс жасауына және әрі қарай сапалы білім беруіне кедергі болып отыр. Қандай да бір мереке, мейрам, салтанатты іс-шара мұғалімдердің қатысуынсыз өтпейтін болды. Түкке керегі жоқ массовкасына әкеліп жүктеп қояды. Сондықтан, осы мәселені реттеп алу керек. Мұғалімнің жұмысына кедергі келтірді ме, мұғалімнің атына жалған жала жапты ма, мұғалімді өз қызметінен тыс жұмысқа жекті ме, заң алдында тәртіптік жазасын алсын. Айыппұл арқалату жеңіл.
Оныншы, мектепті қаржыландыру мәселесін қолға алуды және оны қатаң бақылауға алуды талап етеміз! Талдықорған қаласы білім бөлімінің есепшісі туралы жағдай бәріміздің жағамызды ұстатты. Мемлекет білім саласына қаржы бөлмей отырған жоқ, бөліп отыр, бірақ соны тиын-тебенін есептеп, қажетті дүниеге жұмсауда аудандық, қалалық білім бөлімдері іштарлық жасап отыр. Оларға қаржы жұмсағаннан гөрі, оны үнемдеген оңай. Өйткені, ол премия, ол көлік, ол тағысын тағылар. Қаржы үнемдеп сапаға түкіріп отырғанды қалай түсінеміз?
Он бірінші, мектептегі дене шынықтыру және көркем еңбек пәндерінде сынып толымдылығына қарамастан қыздар және ұлдар тобына бөліп оқытуды қайтаруды талап етеміз! Бұл өз кезегінде баланың гендерлік және физиологиялық тәрбиесіне тікелей әсер етеді.
Он екінші, облыстық білім басқармаларына бағынышты мекемелердің қызметкерлерін жұмысқа қабылдау тәртібін енгізуді ұсынамыз. Кадрлық жетіспеушілікті сылтау еткен басшылар өз тамыр-таныстарын қызметке алып, оларға біліктілігі мен кәсіби сауаттылығы жетпесе де басшылық міндетті беріп қойып отыр. Осындай іріктеусіз қабылдаудың кесірінен қаншама кәсіби мамандардың потенциалы пайдаланылмай отыр. Соның нәтижесінде жұмыс нәтижесінің сапасыздығы, сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиі орын алуы, негізсіз қудалау, т.б. салдарлары көрініс табуда.
Он үшінші, аудандық немесе қалалық білім бөлімі жетекшілерін ротациялау немесе аталған лауазымдағы басшылық мерзіміне шектеу қою туралы заң талаптарын енгізуді ұсынамыз. Өкінішке орай, кейбір аудан, қалаларда 15-20 жылдап отырған мекеме басшылары бар. Сол ауданда немесе қалада білім сапалары өте төмен. Жоғары жаққа жалған ақпарат берумен айналысып отыр. Олардың басшылық қызметі ары кеткенде 3-4 жыл ғана болуы керек деп есептейміз. Ұзақ уақыт бір орында басшы болу сапалы кадр таңдауға, сапалы жұмыс жүргізуге кедергі болатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сыбайлас жемқорлыққа жол беру фактілері жиі орын алады. Сондықтан осы ұсынысымызды заңдық тұрғыда реттеуді талап етеміз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жоғарыда аталған талаптарымыз бен ұсыныстарымызды қараусыз қалдырмайды деген сенімдеміз. Бұл орта білім беру саласында осы былық басталғалы әр мұғалімнің көкейінде жүрген сауалдар. Мұғалім біткен бас қосса, осы мәселерді жыр етеді.
Қандай бір ұлтты немесе мемлекетті жер бетінен жойып жіберу үшін атом бомбасы емес, білім саласын былықтырып бере салса да жеткілікті шығар, тоз тозы шығып өздері-ақ құрып кетеді.
Ендеше бүкіл ұлттың болашағы сіздер мен біздердің қолымызда, оған атүсті қарамайық!
Осы петиция туралы жаңалықтар ресурстарын хабардар етіңіз. Тек осылай ғана біз қоғамдық резонансты көтеріп, биліктің назарын проблемаға аудара аламыз.