Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке өзгеріс енгізу туралы ҚР Президентіне петиция
1665 қол қойған. Нәтижені басып шығару.
17.11.2023, авторы Ракишева Ляззат Бекмуханбетовна.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біздің елде жыл санап тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің саны артып келеді. Статистика көңіл көншітпейді.
«Қазақстанда соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған».
Қазіргі қолданыстағы Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы заңның 73-бабы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді қарастырады. Онда құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, – ескерту жасауға не бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады» деп көрсетілген. Аталған әрекет бір жылдан аспайтын уақыт ішінде қайталанса, айыптыны он тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алады немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Көріп тұрғаныңыздай, адамның өмірін астаң-кестеңін шығарғандарға жаза айыппұлдан әрі аса алмай отыр. Көп ретте «жағалылар» еркек кіндіктілерге жақтасып, жай ғана ауызша ескерту беретін жағдайлар да көптеп кездеседі. Оңай жаза қылмыстың қайталануына, соның салдарынан соңғы уақыттағыдай өлімге әкеп соқтыруда.
Ойлап қараңызшы, қаншама қор болған тағдыр? Өмірі қор болған әйел, соның салдарынан бақытсыз күй кешіп жүрген балалар... Ал осы жағдайға кінәлілерге бар болғаны әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Аздаған айыппұл жауыздыққа шектеу бола алмайды. Тұрмыстық зорлық көрсеткендер Қылмыстық кодекс аясында жазалануы тиіс. Үйдегі жанжал жабық есік артында қала берсе, отбасылық құндылықтар қирайды. Таяқтан көз ашпаған ана ұл мен қызына тәлім-тәрбие бермек түгілі жарытып көңіл бөле алмайды.
Салдарынан қоғамға бейімділеуі төмен, ортаға сіңу қабілеті дамымаған, ерік-жігері жасық ұрпақ өсіп келеді. Бала кезінен зорлық-зомбылықты көріп, психологиялық соққы алған балалар кейін сол әрекетті өз шаңырағында қайталанатынын байқап жүрміз. Бақытсыз отбасында өскендер бақытсыз отбасының негізін құрайды деген сөз. Бақытсыздық шеңбері мәңгілікке жалғаспауы тиіс. Жаңа Қазақстанның негізін құрайтын бақытты отбасылар көп болсын. Ол үшін бүгіннен бастап ана мен баланы қорғайық! Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайық. Жауыздық қатаң жазалануы тиіс.
Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР Үкіметі мен Парламентіне отбасылық-тұрмыстық салада әйелдер мен балаларға қатысты жасалып жатқан зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату мәселесіне қайта қайта оралып, қарастыруды тапсыруыңызды, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық салада жасалған басқа да құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды сұраймыз.
Әйелдер мен балалардың құқығын қорғаушысы Ракишева Ляззат Бекмуханбетовна.
Жаңалықтарды мына сілтеме арқылы біздің WhatsApp-каналдан оқи аласыздар.
Осы петиция туралы жаңалықтар ресурстарын хабардар етіңіз. Тек осылай ғана біз қоғамдық резонансты көтеріп, биліктің назарын проблемаға аудара аламыз.