Петиция! «Almaty Arena» спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілсін!

Греко-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасы мен КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, Еуропа біріншілігі мен Әлем кубогының күміс жүлдегері, Одақтың екі дүркін чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров. Жақсылық Әмірәліұлы­ның жүріп өткен жолы бүгінгі жастар мен кейінгі ұрпаққа үлгі. Абзал азамат соңғы демі таусылғанша елі мен хал­қына қалтықсыз қызмет етті. Оның спорттық жолы да ауыр болды.

Одақта сан мәрте теңдессіз деп танылып, халықаралық додаларда дараланғанымен, мәскеулік мамандар тарапынан көп теперіш көрді. Соның салдарынан байрақты бәсекелердің біразынан шет қалды. Десек те өзінің табандылығы мен өжеттігі және қажырлы ең­бегінің арқасында көздеген мақсатына қол жеткізді.

Үш­кемпіров 29 жастан асқан шағында ғана Олимпия ойындарында бақ сынау құрметіне бөленді. Сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ол төрт жылдықтың басты додасында бас жүлдені олжалады. Ал 30 жасында әлем чемпионы атанды. Даңқты балуан боз кі­лем­мен қоштасқаннан кейін түрлі қызметтер атқарды. Кейіннен мал кәсібімен айналысып, «Жақсылық» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бастаған ісін дөң­гелетіп әкеткен соң қайырым­дылықпен айналысты. Атап айтсақ, өзі тұрып жат­қан Алматы қаласының ірге­сін­дегі Мыңбаев ауылына газ тартты. Балаларға арнап спорт кешені мен балабақша, қолжетімді бағамен 50 отбасына пәтер салды. Басқа да игі іс-шаралардың басы-қасында жүрді.

Осылай тіз­бектей берсек, Олимпиада чем­пионының ел-жұртына сіңірген еңбегі өте зор. Алаш­тың мақтан тұ­тар азама­тының атында басқа қалаларда спорт мектептерінің және спорт сарайларының есімдері берілген. Өкініштісі 1980 жылы Олимпиадаға аттанған Алматы қаласында еш спорт мектептерінде, спорт сарайында әлі күнге дейін Жақсылық Үшкемпіров есімі берілген емес.

Осыған орай «Almaty Arena» спорт кешенін Жақсылық Үшкемпіровтің атына ауыстыруды сұраймыз, ағамыз лайық деп ойлаймыз!

21.07.2022. Авторы Мұхаммед Самбеткул, поштасы kokrek1981@mail.ru.

Сілтеме: https://alash.online/1438-almaty-arena.html

Кері қайту