Петиция! Форт-Шевченко атауы Ақкетік болып тарихи атауына қайтарылсын!

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласының тарихи Ақкетік атауын қайтару туралы петиция.

Форт-Шевченко қаласы – Маңғыстаудағы Түпқараған ауданының орталығы. Түпқараған өңірінің, Ақкетіктің тарихы тым әріде 1857 жылы Форт-Александровск, алғашқы кеңестік кезеңдерде Форт-Урицкий аталған қала, 1939 жылдан бастап өмірінің 7 жылын осында айдауда өткізген украин ақыны Т. Г. Шевченконың құрметіне Форт-Шевченко деп аталып, күні бүгінге дейін қала осы есімнің еншісінде тұр.

Маңғыстауда шөл далада мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар қажеттілігі үшін құдықшылықты кәсіп еткен қыр қазақтары – дала еңбеккерлері жетіп-артылады. Әттең, олардың есімі мен еңбегі елеусіз... Қазақстан – көп ұлттың мекені, достық пен ауызбіршілік алдыңғы орында және оны сақтауға бәріміз міндеттіміз.

Алайда достық шексіздікке, көл-көсір шашпалыққа, есепке негізделмейтінін білеміз. Көзінің тірісінде айдауда болған азапты жылдарын көңілді, қайғысыз-қамсыз өткізуге сеп болған қазақ халқына Тарас қандай риза болса, оның басқан ізін аялап, есімін, өнерін, шығармашылығын қастерлеген бүгінгі қазаққа оның рухы мен бүкіл украин халқы риза деп білеміз.

Қарашаңырақ қала – Ақкетік өз атауын қайтып алған күннің өзінде де, Маңғыстауда Тарас ақынға көрсетіліп жатқан құрмет ақсап қалмайды және мұны ешқандай ұлтшылдыққа немесе арандатушылыққа баламай, Тарастың қандастары да түсінер...

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Маңғыстаудың қарашаңырағы Ақкетік атауын қайтып алса, бұл рухани, тарихи жаңғырудың жарқын үлгісі, саналық сілкіністің көрінісі. Құрметті жерлестер, бауырлар! Ақкетік атын қайтарып алуға атсалысайық!

Айбыны Ақкетіктің аласа емес,
Қайтеміз қылып босқа балаша егес.
Тарасты Тарас қылған - Ақкетік қой,
Кетікті Кетік қылған - Тарас емес!

Р. Қосбармақов.

6.08.2022. Авторы Ақтұрған Матюқызы, поштасы globus.service@mail.ru.

Сілтеме: https://alash.online/1447-akketik.html

Кері қайту